
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Илиясовтің айтуынша, өңір жаңа оқу жылын жаңартылған мектептер, жаңа кабинеттер, толық қауіпсіздік және жылытуға дайындықпен қарсы алады. «Реновация» бағдарламасы аясында 2025-2027 жылдары 75 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Биылдың өзінде 8 мектеп толық жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына дейін дайын болады. Оның ішінде Семей қаласындағы №32 орта мектеп, Жаңасемей ауданындағы Түрксіб және Приречное мектептері, Аягөздегі №7 орта мектеп пен Қ.Қадыржанов атындағы мектеп, Бесқарағайдағы Глуховка мектебі, Үржар ауданындағы Б.Момышұлы мектебі бар. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ.
Орынбасардың сөзіне сенсек, облыста үш ауысымды мектеп жоқ.
Сонымен бірге «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Семей қаласы Водный кентіндегі мектеп 1 қыркүйекте ашылады. Аягөз қаласындағы 600 орындық жаңа мектеп 2-тоқсанда пайдалануға берілмек. Бұған қоса Семейдің Шығыс Оң кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда.
– Жалпы облыстағы 8 200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған. Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің жобалық құжаттамасы сараптамаға жіберілді. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр, – дейді ол.
Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында биыл 12 мектепке күрделі жөндеуге 2 млрд 900 млн теңге бөлінді, оның бесеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында. Бұдан бөлек 174 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Абай облысы